Рухым барда бойымдағы сөнбейді от!

 

Тәуелсіздік күніне орай бүгін Павлодардағы №35 орта мектебінде «Рухым барда бойымдағы сөнбейді от!» атты бірлескен шара өткізілді.

 

▪️Бұл - Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының, Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының бірлескен ауқымды жобасының тұсаукесері болды.

 

▪️Шара бір уақытта мектеп ішіндегі бес нүктеде өткізілді. Мектептің мәжіліс залында білім ордасының 9-11 сыныптар оқушыларымен және ұстаздармен «Рухым барда бойымдағы сөнбейді от!» тақырыбындағы еркін форматтағы негізгі кездесу ұйымдастырылды.

 

▪️Ал мектептің кітапханасындағы «Қолтаңба құдіреті» атты шарада жергілікті қаламгерлер шығармашыл шәкірттермен жүздесіп, сауалдарына жауап беріп, өздерінің жинақтарын қолтаңба жазып сыйға тартты.

 

▪️Оқу орнының фойесінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің Тәуелсіздік күніне арналған көшпелі көрмесі ұйымдастырылса, «Көз мерген һәм Сөз мерген» атты аймақта дәстүрлі садақ ату мен асық атудан сайыстар өтті.

 

▪️ «Алтын сақа» бастамашыл тобы мен шаршыдағы асық ойыны бойынша облыстың бас төрешісі Думан Байжырықов асықтың шаршыдағы түрінен сайыстар ұйымдастырды.

 

▪️Рухани-патриоттық кеш соңынан мектеп оқушыларын «Жас ұлан» ұйымының құрамына қабылдау салтанаты болды. Құрметті қонақтарға оқушыларға көк галстукты байлау мәртебесі ұсынылды.