Материалдар

Қарымсақов Кенжеғазы Өмірбекұлы

      Қарымсақов Кенжеғазы Өмірбекұлы 1965 жылы туған.

      1996 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және көркем сурет институтының «Драма және кино актері» факультетінің сырттай бөлімін ҚР халық әртісі М.Байсеркеновтың шеберханасынан бітірді. Оқып жүріп 1995 жылдан Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ музыкалы драма театрында актер болып қызмет етті. Театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері - Ақтоқты» трагедиясында – Қара сақал, Т.Қажыбаевтың «Үкілі Ыбырайында» - Біржан сал, Е.Асқаровтың «Біржан Салында» - бала, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесінде» - Ғұлама, Б.Әлімжановтың «Құдалық» комедиясында – Сұрамшақ, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасында – Жиенбай, М.Қасеновтың «Пай - пай, жас жұбайлар-ай» комедиясында – Багратион образдарын әсерлі сомдап шығармашылық толысу кезеңдерді бастан өткізді.

      1999 жылдан бастап Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрында жұмыс істеп келеді.

    Сахналық кейіпкерінің психологиялық жан дүниесін терең ашуға әрі оның әлеуметтік-тұрмыстық бояуының шынайы болуына ден қоятын көп қырлы актер. М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында» Маман бай, Ақын, Ақсақал, «Еңлік-Кебегінде» - Көбей, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанында» - Ұлпанның әкесі, И.Штраустың «Жарқанатында» - Орловский, Орманшы, Э.Флоримонның «Түлкі бикешінде» - Ларио, А.Цагарелидің «Ханумасында» - Микич, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер - Ана» драмасында – Темір жолшы, Колхоз предцедатілі, С.Раевтың «О, қыздарында» - Кеша, Ж.Артықбаевтың «Малайсары тархан» тарихи драмасында – Тәттіқара, Ақсақал, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасында – Жиенбай, С.Жүнісовтің «Қызым саған айтам...» драмасында – Жәкуда, «Бес бойдаққа бір той» - Қырманбай образдарын сомдап жүр.

   Талантты, еңбекқор актер, әрқашан ізденіс үстінде. Оның образдарына ішкі жан сұлулығы мен терең мінезділік қасиеттері тән. Орындаушының сахнадағы қимыл-қозғалысы, аса нанымды да әсерлі шығады.

     2006 жылы «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығының мадақнамасы берілді. 2010 жылы Павлодар облысы мәдениет басқармасының құрмет грамотасымен марапатталды.

     2010 жылы «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығының құрмет грамотасымен иеленді. 2012 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының құрмет грамотасына ие болды.