Әділ Дәурен Павлодар облысы Шарбақты ауданы Қызыл-Таң ауылында 1968 жылы туған. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық театр өнері институтын ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұловтың классын бітірді.

Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында 1995 жылдан театрдың негізгі құрамына қабылданды.

Алғаш ойналған ролі Ж.Аймауытовтың «Шернияз» драмасындағы Базарбай ролі. Содан бері әр алуан комедиялық мінез-кейіптер жасаумен көрермендер ілтипатына бөленді. Д.Әділдің таңдаулы рольдер қатарында М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясындағы Жарас, Б.Мұқайдың «Тоят түні» драмасындағы Қали, Т.Нұрмағанбетовтың «Табалдырығына табынындағы» Шеген, И.Штраустың «Жарқанат» опереттасындағы түрме қызметшісі, Қ.Мұқамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясындағы Сайлау, Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» музыкалы комедиясындағы Режиссер, Ә.Тәжібаевтың «Майра» Баттал, М.Хасеновтың «Пай, пай жас жұбайларындағы» Багратион, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы Бекболат, Э.Филиппоның «Филумено Мартурано» комедиясындағы Микел,  Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» трагедиясындағы Теміржолшы, Қ.Ысқақовтың «Қыл көпір» Ажал, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан -Есеней» Мүсіреп, «Оян қазақ, ойлан қазақ» Жаңқайып, «Атау кере» Ерік, «Арқалық батыр» Қарашешен т.б. қазақ, орыс, дүние жүзі классикалық драматургия желісімен қойылған спектакльдерде сан алуан рольдерді атқарды.

      Соңғы маусымдарда сомдаған рольдерінің ішінен ерекше есте қалатындары ішінде А.Цагарелимен Канчелидің «Ханума» музыкалы комедиясындағы үлкен жүрек сезімді, жан тазалығы мол қарадан шықсада қара қылды қақ жара білуші ақылғой Акоп бейнесін сомдаған үшін «Ең үздік ер ролі» дипломмен марапатталды. Павлодар облысының әкім грантына ие болды.

Актер ретіндегі жасаған сахналық тұлғалары әлеуметтік мінездемесінің дәлелдігімен әрі сыртқы кескін-келбетінің мәнерлі де айқын шешімін табуымен ерекшеленді. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, қала, облыс көлемінде өтетін мәдени шаралардың бел ортасынан көрінуде.

       Өнердегі өз білген, оқыған, тоқыған ойларымен, әріптестерімен әрдайын бөлісуге әзір тұрады.

Ә.Дәуреннің сахнадағы актерлік жұмыстары баспасөз беттерінде, республикалық театр фестивальдерінде әділқазылар алқасының, көрермендердің ең жоғары бағасына ие болуда.

2012 жылдан бастап бас әкімші лауазымына тағайындалды. Осы қызметте көрермендермен тығыз жұмыс жасап жүр. Өзін ұйымдастырушылық қырынан көресете білді.
2016 желтоқсанда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.