Ақанов Әділет Мерхатұлы

Ақанов Әділет Мерхатұлы 1993 жылы 12 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шар қаласында дүниеге келген.

Мектепті бітірген соң, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура факультетіне түсіп, үздік дипломмен аяқтап шықты. Дипломдық спектаклін И. Омаров атындағы Қостанаай облыстық драма театрында  қойып,  жоғары  бағаға  ие  болды.

Оқуын аяқтағаннан кейін,  Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрына қоюшы-режиссер болып орналасты. Биылғы театр маусымында жемісті еңбек етті. Оның режиссерлық қоюнда Е. Құшуақтовтың «Қызыл алма» комедиясы театр мамандары мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ, Ә. Ақанов Ж.Аймауытов театрының 25-жылдығына арналған «Өмір. Өнер. Театр»  бенефис-шоуын шеберлікпен қойды. Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған «Желсіз түнде жарық ай» моноспектаклін сахналады. Арнайы шақырумен Абай атындағы Семей қаласының музыкалы драма театрында Г. Заваловтың «Ауылдағы демалыс» ертегі спектаклін қойды. Сонымен қатар, Әділет Ақанов режиссерлік қабілетімен бірге артис ретінде де өзін көрсете білді. М.Байджиевтің «Тіл табысқандар» комедиясында Асқар рөлін жоғары деңгейде ойнап шықты. Сонымен қатар режиссер 2016 ж. Маусым айында белгілі қазақ драматургі С. Жүнісовтің «Қылмыскер» драмасын сахналады.        

Ақанов Әділет Мерхатұлы 2015-2016 ж. театр маусымының қорытындысы бойынша облыстық мәдениет басқармасының  «Жылдың мәдениет және мұрағат саласының үздік қызметкері» номинациясында марапатталып, үшінші дәрежелі дипломға ие болды.