Театрдың Талжібегі

                        Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті

                                №39  10 сәуір 2014ж.

 

Театрдың Талжібегі

 

Павлодарлық өнерсүйер жұртшылық Талжібек Атамбекті «Керекудің кербез сұлу Майрасы», «Қазақтың Айманы» деп еркелетеді. Халыққа еркелеу – әртіс үшін бақыттың шыңы десек, артық айтпағандық болар.  Талжібек Жұмаділқызы сүйікті жар, ардақты ана, құрметті әртіс және әнші атанған жайы бар. Осындай сәулелі құбылысты да бақыт деп атамасқа болмасы анық.

            Жуырда ҚР мәдениет қайраткері, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалінің иегері, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының  негізін қалаушылардың бірі, алғашқы қарлығашы - Талжібек Атамбекпен дидарласқан едік. «Елу деген не ол, ол - екі жиырма бес» - демекші, әртістің қос жиырма бестегі шаттықты шақтары туралы әңгімелесудің жолы түсті.

           

 - 1990 жылдың желтоқсаны. Дәл осы кезде Ертістің Павлодар өңірінде қазақ музыкалы драма театрының шымылдығы түрілді. Өнер ордасының іргетасын қалаушылардың бірі – өзіңізсіз. Өткен сәтке бір оралсақ...

- Тоқсаныншы жылдары Алматыдағы «Қазақ концерт» бірлестігі жағындағы эстрадалық миниатюра театрында еңбек етіп жүрген кезім еді. Осы сәтте ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Ерсайын Тәпенов келіп, Павлодардағы қазақ театрына шақырды. Тәуекелге бел буып, курстасым һәм өнердегі досым Майра Дәулетбақовамен Павлодарға бет алдық.

1990 жылдың ызғарлы желтоқсанында театр М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылды. Екеумізге Айман мен Шолпан рольдері бұйырып, содан халық аузында Айман мен Шолпан атанып кеттік. Жалпы, театрдың іргетасын қалауға сол кезде он шақты адам келген едік. Кейін қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан бір топ талантты жастары павлодарлық театр ұжымын толықтырды. Негізі, бұл театр – алғашқы жұмыс орным емес. Бұған дейін бұрынғы Торғай облысының қазақ музыкалы драма театрында еңбек еттім.  Бастапқыда түрлі қиындықтардың болғанын жасырмаймын. Мәселен, спектакльге дайындықты Жеңіс алаңындағы ғимаратта қолайсыздау орындарда, бөлмелерде  өткізетінбіз. «Айман-Шолпан» осындай күш-жігермен дайындалды. Бұл да – шығармашылық ғұмырымның бір белесі іспеттес. Осы кезді бастан өткермесек, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, «Ерке қыз» атанар ма едік, кім білсін? Павлодар халқы шат күйге шадымен бөленіп, сырмақ-кілемдерін сыйға тартып жатқаны есімде. Бұл ыстық сәтті көзіме жас алып айтамын. Қарап отырсам, өмірімнің 25 жылын Ж.Аймауытов атындағы театрға арнаппын. Еш өкінбеймін. Пешенеме жазылған бақ қой бұл!

- Сіз жолыңызды қуған кейінгі толқын – жастар үшін өнерде жөн сілтейтін жанға, яғни «театрдағы анаға» айналдыңыз десек, жөн болар. Айтыңызшы, өнердегі Ананаың сыры  не осы?

- Жас әртістерге өнер ақылшысы болуды тек қана мерейлі жасқа келіп, жөн сілтеу деп түсінбегеніміз абзал. Ақылшы болу – өмірдегі қадам, өнердегі белес.  Ал мен үшін -бөлек өлшем. Бұл белеске келуім – ғұмырлық құбылыс. Осы ақылшы болу кезеңіне театр табалдырығын атаған сәттен бастап, іштей дайындалғанмын. Өйткені, біз де өнер әлеміне аяқ басқан сәтте рухани әлемдегі «аналардың» тәрбиесін көріп өстік. Мен үшін, бұл – бақыт, әлбетте. Бұл сабақты  көргендер де, көрмегендер де бар ғой. Уақыт бергенін алады. Кәсібіңе өмір бақи адал болсаң, осы кезеңге жетесің. Өнер жастық қайрат-күшіңді, сымбатыңды алғанымен, орнына тәжірибе, ақыл ұсынады. Ал ақылыңды ел сыйлау үшін алдымен өзіңді-өзің сыйлай білуің керек. Сол арқылы қалың көрерменге де, ізіңді басып келе жатқан талантты ұл-қыздарға ізгілік пен парасаттылықтың, ұлтжандылық пен ақылдың нұрын сеуіп жүрген жайым бар.

 

-    Өзіңіз айтқандай, осы ізгілік пен парасаттылықтың нұрын сахнадағы қандай рольдеріңіз арқылы септіңіз?

-   Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Ж.Аймауытов атындағы театрда сомдаған әр образым өз перзентім, бауыр етім.Мен театрсыз өмір сүре алмаймын. Бұны созылмалы «дертке» балаймын. Киелі сахна сені бір баурап алса, одан кетіп қалу мүмкін емес. Әр образым өміріме ой салатын құбылысқа айналды. Алғашқы ролім - Айман бойыма қазақ қызының салмақтылығын, парасаттылығын, ақылдылығын, сұлулығын дарытты. Ал Қыз Жібек образы театр әлеміне жол бастаған бірінші ролім десе де болады. Өйткені, оны Торғай театрында тұңғыш рет сомдадым. Әртістік жолымда М.Әуезовтің «Айман - Шолпан» музыкалық комедиясында – Айман, Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында – Жібек, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» - әнші Майра, И.Штраустың «Жарқанатында» - Розалинда, И.Кальманның «Сильвасында» - Сильва, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» - Дениза, У.Гаджибековтың «Аршин Малаланында» - Жихан, А.Цагарелидің «Ханумасында» - Ханума, Иран – Ғайыптың «Естайдың Қорланында» - Қорлан, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» - Биғайша, Д.Исабековтың «Мұрагерлерінде» - Комиссия мүшесі, Ө.Ахметтің «Желтоқсан ызғарында» - Бәтжан, М.Баджиевтің «Тіл табысқандар» Е.Төлебайдың «Оян, қазақ, ойлан, қазақ» қойылымында Ғаникамал және өзге де пьесалардағы рольдерім арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөлендім.

 

-        Талжібек Жұмаділқызы, көрерменге өкпелеген кездеріңіз болды ма?

 

-    Киелі өнер ордасына келіп, театр әртістерін құрметтейтін қарапайым көрерменге айтар өкпе-назым жоқ. Олардың айтқан әр жылы сөзі көкірекке сезім сыйлайды. Оларға деген ықыласым ерекше. Олардың құрмет-қошеметі, ыстық шапалағы шабытымызға қанат бітіреді. Мен тек шенеуніктерге, басшыларға өкпелеймін. Сөзіме дәлел ретінде театрымыздың 15, 20 жылдық мерейтойларының жетім қыздың тойындай өткенін айтар едім.

 

-        Өнердегі роліңіз – әртіс, ал өмірдегі ше?

 

-     Сахна сыртында, яки өмірде - қатал анамын. Мен қазақ қыздарына тән қасиеттерді өзімнің қыз балаларымның бойына сіңіруге тырысамын. Олар - ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық сынды қасиеттер. Қонақ күту әдебі де қалыс қалмаған. Қызға лайықты қылықты болуды талап етемін. Кішкентай кезімде ата-анам бата бергенде «Аллам, балама сана бер, түйсік бер!» деп тілеп жататын. Менің де тілегім – осы. Түйсік – адам баласына керек дүние. Бұл – ойдың биік шыңы. Қазір мен де Құдайдан соны сұраймын. «Балаларымның жүректерінен адамгершілік, имандылықты айырма!» - деп айтып отырамын. Қатал болғанмен, құдай берген екі қызғалдағыммен сырлас доспын. Тұңғышым Мадина С.Демирель атындағы қазақ-түрік университетінде, Анель Абай атындағы қазақ ұлттық университетінде білім алуда.

 

-   Өмірлік серігіңіз туралы да оқырмандарымыз білгісі келеді...

 

-  Алматы облысы Панфилов ауылының Лесновка ауылында туып-өстім. Өмірлік жарым да – осы өңірдің тумасы. Есімі – Жомарт. Ауылы өнерден алыс жан болғанмен, шығармашылығымды түсінеді. Біз 1992 жылы шаңырақ көтердік. Жомарттай жолдасыммен танысып, тіл табысуымның өзі бір хикая ғой! Тұрмысқа 28 жасымда шығыппын (күліп). Бір күні туған ауылыма барғанымда Жомартпен таныстым. Бұл жігіт болашақ жарым болады деп ойламаппын. Араласып тұратынбыз. Осылай үш жыл өтіп кетіпті. Бірде Жомарт жақындап, сезімін білдірді.  Сөйтіп, тағдыр табыстырған серігіммен Павлодарға көшіп келіп, отастық.

 

-  Әйел адамға әртіс болу қиын емес пе?

 

-  Отбасы мен театр. Осы екеуін бірдей ұстау қиынға соғатыны айдан анық. Қарап отырсам, екі қызымды дүниеге әкелгенде бала күтіміне байланысты демалысқа да шықпаппын. Тіпті, кей кездері түскі асқа үйге бармай, жұмыс істеген кездерім болды. Алайда, тырысып бақсаң, қолдан келетін дүние. Ол да – өнер, талант, ерлік, жігер, қабілет-қарым, әйел тапқырлығы. Екі қыз баланың анасымын, шаңырағымның ұйытқысы – аяулы жармын. Сахна мен отбасымның ортасында жүргенім қандай бақыт!

 

            -  Әңгімеңізге рахмет!

 

           

 

Сұхбаттасқан – Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

Суретті түсірген – Төлеген Нұрғазы.

 

Біздің анықтама

 

            Аты-жөні: Талжібек Жұмаділқызы Атамбек

 

Туған жылы: 1964 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Лесновка ауылы;

 

Білімі: 1986 жылы Алматы мемлекеттік көркемдік театр институтының доцент Е.Сегізбаевтың шеберханасынан тәмамдады;

 

      Жетістіктері:

 

·       І республикалық эстрадалық жанр байқауының лауреаты (1990 ж);

 

·       Павлодар қаласында өткен «Драма әртістері ән салады» атты республикалық әншілер фестивалінің ІІІ дәрежелі лауреаты (1992 ж);

 

·       Сәкен Жүнісовтің 70 жасқа толуына арналған республикалық театр фестиваліне «Қызым саған айтам...» спектакіліне қатысып, Рәзия ролі үшін «Үздік әртіс шеберлігі» аталымының иегері (2004 ж);

 

·        «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» белгісінің иегері (2005 ж);

 

·        «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалінің иегері (2011 ж).

 

Театр басшысы Арман Темірбек
Театрдың көркемдік жетекшісі Ержан Қауланов
Бас режиссер Әділет Ақанов
Мекенжайымыз: Ломов көшесі, 140-үй, 31-02-09 (вахта), 87753682271