Ұрпақ алдында ұятты болмас үшін, ұлттық иммунитет қалыптастыруымыз керек

                                                Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті,

                                                                  №37  5 сәуір 2014ж.

 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан ЖҰМАНИЯЗОВ:

«Ұрпақ алдында ұятты болмас үшін, ұлттық иммунитет қалыптастыруымыз керек»

 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүрлан Жұманиязовтың Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына көркемдік жетекші әрі директор қызметін атқарып жүргеніне бірнеше айдың жүзі болды.  Осы уақыт аралығында өнер ордасында нендей жаңалықтар орын алды? Болашаққа бағдарлаған шығармашылық жоспарлар қандай? Осы және өзге де сауалдардың жауабын табу мақсатында театр директорымен дидарласуды жөн көрдік.

- Нұрлан Ғылманұлы, павлодарлық театр өнер ұжымндағы қызметіңізге табыс тілейміз! Әртістер қауымына көңіліңіз тола ма? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

 

- Рахмет! «Көңіл толмады» деген мәселеге келсек,  бұл - кез келген театрда орын алатын құбылыс. Айтарым, әртістердің барлығы – талант иелері. Талантсыз адам осындай киелі жерде жүрмейді. Бірақ, сол өнер иелерінің барлығы бірдей режиссердің көңілінен шыға бермейді. Режиссер белгілі бір кейіпкерді сахнаға шығарар сәтте, оның болашақ ролін өзінше елестетеді, соған лайық әртіс іздейді. Ал әртістердің арасында «мен лайықпын» деп тіл қататындар табылып жатады, әрине. Ол режиссер талғамына сай болса, рольді сомдауға лайық болуы да мүмкін. Міне, түсініспеушілік осыдан басталады. Бұл режиссердің тарапынан ұжымды алалау немесе өзіне ұнаған өнер иесін ғана қолдау емес. Ол бар болғаны өзінің талғамына сай келетін адамды  іздейді. Менің ойымша, шығармашылық жолында осындай «шиеленістер» керек сияқты.  Бұны заңдылық деп атар едім.  Театр -  бір әртіс тиісті деңгейде жұмыс істемесе, тоқтамайтын зауыт, фабрика секілді кәсіпорын емес. Бұл - өнер ордасы. Мысалы, бір әртіс бірнеше жыл бойы басты рольдерден сырт қалып қоюя мүмкін.  Ондай жағдай әртістің ішкі жан дүниесіне, көңіл-күй тебіренісіне, эмоциясына әсер етпей қоймайды. Бұның барлығы - талғамға байланысты шиеленістер. Сондықтан, сахнадағы талпыныс, сүріну мен шарықтау, іздену, танылу сынды құбылыстар - табысқа жетелейтін әрекеттер.

- Дегенмен, режиссерлардың «ұнататын» әртістері болады дегенді естіп жатамыз. Бұл өзінің көңіліне жаққан өнер иесін көпе-көрнеу әспеттеу ме, әлде талғамнан шығатын мәселе ме?

- Орыс тілінде «соратник» деген сөз бар. Қазақшаға аударсақ, «пікірлес», «ұғымдас», «қанаттас», «жақтас» мағынасын береді. Тарихта орын алған небір көтерілістерді көсемдер бастағанымен, оны іске асыратын «соратниктері», яғни бастаушының жақтас, пікірлес адамдары болғаны белгілі. Театр да сол секілді. Сенің ойыңдағыны айтқызбай ұғатын әртісті де сол «жақтас» деп түсінуге болады. Әртіс режиссердің айтпағын көзқарасынан танып, оны әрі қарай іліп әкетіп, көркем образ жасай білу керек. Яғни, оның ойы, пікірі, спектакльге деген көзқарасы режиссермен үндес болып тұруы керек. Сондықтан, осындай адаммен жұмыс жасау режиссерге қашанда жеңіл және нәтижелі болады.

        - Павлодарға астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрынан келдіңіз. Әрине, бұл өңірді елордалық өнер шаңырағымен салыстыруға болмас. Дегенмен, қандай өзгешеліктер туралы айтар едіңіз?

  - Астана мен Павлодар рухани деңгейі, ұлттық құрамы жағынан бөлектеу екені рас. Қазіргі таңда Астанада халқымыздың «қаймақтары», яғни зиялы қауым шоғырланып қалды. Оңтүстіктегі, батыс аймақтағы ел-жұрт сонда келіп қоныстанып жатыр. Жергілікті ұлт өкілдері сан жағынан басым. Тіл - қазақша. Театрдағы қойылымдарында зал лық толады. Павлодар жері де жаман емес. Бірақ...  «жаман емес» деген сөзді жақсы деп қабылдауға болмайды. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар. Біз өзімізді Қазақстанның қай жерінде жүрсек те, мемлекет құраушы ұлт ретінде сезінумізі керек қой. Бірақ, бұл жерде дәл солай деп айта алмас едім. Сондықтан, бірінші кезекте, өзімізді ұлт ретінде сақтау иммунитетін қалыптастыруымыз керек. Адам ауырмас үшін алдын ала профилактикадан өтеді ғой. Сол секілді. Өйткені, ұлттық құндылықтарымызға, ана тілімізге қатысты кез келген келеңсіз нәрсеге «е, өзіміздің ел ғой» деп мән бермейтін мінезден, жауырды жаба тоқушы, тоқмейіл әдеттен арылуымыз керек. Ұлттық иммунитетті қалыптастыру деген не? Ол - өзіңнің қазақ екеніңді ұмытпау. Бірақ, оны  іс-әрекетіңмен көрсету керек. Көшеде кетіп бара жатып, қазақша мәтіннен бір қате көрдің бе, ерінбей бар да, тиісті жеріне хабарлау керек. Ал біз қолымызды бір сілтеп, онымен айналысатын тиісті орындар бар деп жүре береміз. Қазақша басылымдарға -жазылу да ұлттық иммунитетімізда қалыптатсырудың жолы. Басқаларды соған үгітте, Кітапханаға бар. Қазақ тетрындағы қойылымдарды бос жіберме. Отбасыңда, қоғамдық орындарды қазақша сөйлес. Дұрыс түсініңіз, бұл біреуді кеміту немесе кеудеден итеру емес, керісінше өзіміздікін қорғап қалу. Қазір сондай бір кезеңде тұрмыз. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»-деп бекер айтпаған бабаларымыз. Біз бұны артымыздағы ұрпақтар-немере, шөберелеріміз үшін жасауымыз керек. Ертең солардың алдында қарабет болмас үшін солай етуіміз керек! Қараңызшы, осыдан жүз жыл бұрын Абайлар айтқан, Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімдер жазған, олардан кейін Ахмет пен Әлихандар, Жүсіпбектер көтерген мәселелер әлі сол қалпында тұр. Не қылған өзгермейтін қоғам деп ойлайсың сосын...

 - Келіспеске болмас. Бұл тақырыпты да айтып-айтып, арқасын жауыр қылдық.  Бірақ, нәтиже жаңағыдай... Енді негізгі әңгімемізге көшсек, дәм айдап Ертіс бойына келіп қалдыңыз. Осы уақыт аралығында қандай іс атқарылды?

- Әрине, оның бәрі өзіңе байланысты. Ынта болса, бәрін істеуге болады. Шама келсе, халыққа түсінікті, елге етене дүниелерді сахналағым келеді. Мысалы, америкалық драматург В.Дельмардың бір дүниесін дайындап шығардық. Бұл - сонау жетпісінші жылдары жазылған шығарма. Біз батыс елдерінен 30-40 жылға кейіндеп келеміз. Драмада кәдімгі бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі суреттеледі. Банктен несие алып, оны қайтара алмаған  ерлі-зайыптылар баспанасынан айырылады. Соңында  бес баласының басын қосып, көмек сұрайды. Алайда, балалары жан жаққа қашып кетеді. Ақыры елу жыл отасқан екі қария амалсыз екі жаққа айырылып, бірі ұлының, бірі қызының қолына барады. Бұл – бүгіні өмірдің айнасы. Одан басқа «Әйгілі әпкенің әлегі» мюзиклын сахналадық. Ол да - шетелдік шығарма. Бәз біреулер шетелдік драмаларды сахналағанымыз үшін наразылық білдіруі мүмкін. Біріншіден, бүгінгі күннің өзекті проблемасын көрсететін, екіншіден, театрдың көркемдік қуатын айқындайтын осындай дүниелерге барғым келеді. Яғни, театрдың бар мүмкіншілігін пайдаланып (оркестрі, биі, басқасы бар деген секілді), қолымыздан үлкен шаруалар келетінін дәлелдеу. Осы арқылы көрермендерді тарту. Әрине, Ж.Аймауытов театры өзінің деңгейін халыққа танытқан ұжым. Біздің мақсат - сол биіктен төмендемей, барымызды одан әрі дамыту.  Үстіміздегі жылғы мамырдың 16-18-і аралығында Ж.Аймауытов атындағы аймақтық театр фестивалі өтеді. Соған қызу дайындалып жатырмыз. Бұл шараға әр облыстардан он шақты театр келіп қатысады. Қостанай театрының режиссері Ерсайын Төлеубаев екеуміз Жүсіпбек Аймауытовтың «Ел қорғаны» атты шығармасын сахнаға лайықтап, бір актілі дүние шығармақпыз. Әуелінде Алаш орда қатарында болған Жүсекең кейін коммунистік партияға өтіп, оны елдің құтқарушысы деп ұғады. Біз аталмыш қойылымда кейіннен большевиктерден де түңілген жазушының жан күйзелісін беруді көздедік.

- Кейінгі кезде тарихи тұлғаларды сахналау етек алып кетті. Жасыратыны жоқ, көбі - сүреңсіз қойылымдар. Тіпті, көркем дүние деп айтуға аузың бармайды. Осыған ешкім «Қой!» демей ме?

- Меніңше, қазірде режиссерлердің көбі театрдың басты қызметін ұмытқан секілді. Театрдың міндеті - көрермендергі эстетикалық ләззат сыйлау, көрермендердің жан дүниесіне эмоциялық сілкініс беру. Күлдіріп отырып-жылату, жылатып отырып-күлдіру. Ойландыру... Әйтеуір, бей-жай қалдырмау. Біз осының барлығын итеріп қойып, тарихтан сыр шерткіміз келеді. Тарих іздеген адам мұрағатқа, кітапханаға барсын. Біз осылай өзіміздің басты міндетімізді ұмытып, көрермендерден айырыламыз. Тіпті, осындай қойылымдардан кейін, кейбір адамдарда қазақ тетарына, ұлттық тарихқа деген теріс көзқарас пайда болуы мүмкін. Әрине, тарихи оқиғаларды суреттейтін драмалар әлемде жүздеп саналады. Бірақ «деңгей» деген түсінік бар...

- Аймаққа жаңа басшы келгені мәлім. Кездесе алдыңыздар ма? Театрға деген көзқарасы қандай екен?

- Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы жуықта театрға арнайы келіп қайтты.  Қ.Бозымбаев премьералық қоылымымызды тамашалады. Екеуара әңгіме барасында: «Ұжымен кездесесіз бе?» - деп едім, «Сол ұжымға әуелі есте қаларлық бірдеңе жасайық, сосын кездесу ешқайда қашпайды ғой» - деді. Осы сөзіне қарап, «істің адамы» деген ой түйдім.  Тағы бір ұнағаны, «Өнер адамдары жақсы тұруы керек қой» - деді әңгіме арасында. Қолдан келген көмекті жасаймыз деп жатыр. Оның барлығын бұл жерде тізбелемей-ақ қояйын. Уақыты келгенде көре жатармыз. Әйтеуір театрға деген ықыласы дұрыс екеніне көзім жетті

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Сайлау БАЙБОСЫН.

Суретті түсірген  - Төлеген Нұрғазы.

Театр басшысы Арман Темірбек
Театрдың көркемдік жетекшісі Ержан Қауланов
Бас режиссер Әділет Ақанов
Мекенжайымыз: Ломов көшесі, 140-үй, 31-02-09 (вахта), 87753682271