Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

 

Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры көрермен назарына «Ерте ояндым, ойландым..» трагедиясын ұсынды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

 

- Бір сағат он минуттық шығармаға бір жарым ай көлемінде дайындалдық, - дейді театрдың бас режиссері Әділет Аханов. - Абай жолы романының желісі бойынша Кенжебай Ахметов пен Жанат Хаджиевтің «Жас Абай» қойылымын «Ерте ояндым, ойландым» деп атадық. Спектакльде 30-ға жуық әртіс ойнайды. Мұнда Абайдың жастық шағы суреттеледі. Оның қаладағы оқудан келгеннен кейінгі өмірінен оқиғалар көрсетілді. Құнанбай, Ұлжан, Зере және сол кездегі билердің образдары сахналанды. Негізгі оқиға ретінде жалпы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының негізгі оқиғаларының бірі және бастауы Қодар мен Қамқаның жақын деп елдің өсек айтқандығы, сол кездегі жас Абайдың қоғаммен күресі және оның дүниетанымына сілкініс әкелген көріністерді көрсеттік.

Басты рөлді жас актер Абзал Жақып сомдады. Ол ұлы тұлғаның образында ойнау оңай болмағанын айтады.

- Абайға үлкен әсер еткен оқиғалардың бірі көрсетіліп отыр, - дейді Абзал Жақып. - Қойылым барысы 13  жастағы жас Абайдың Семейдегі оқуынан келген сәті мен ел ісіне араласу шағында өрбиді. Көп дайындалдық. Менің ойымша, әр әртіс үшін Абай Құнанбайұлының рөлін сомдау оңай емес. Мен әлі де Абай рөлін толыққанды шығардым деп айта алмаймын. Шамам жеткенше образға енуге тырыстым. Бағасын көрермен бере жатар.

⠀ ⠀