Айгүл Жүсіпова

 

Фото: Серік Қапаров

 

3 жастан асқан балаларға арналған қойылымның режиссері және авторы Семей қаласы Абай атындағы театрдың режиссері Айдын Салбан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

- Өкінішке орай, біздің театрымызға келмегендер арасында 40-50 жасқа келген тұрғындар да бар, - дейді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбектегі. – Осы орайда, балаларды кішкентай кезден бастап театрға баулу мақсатында 3 жастан асқан балаларға осындай қуыршақ қойылымын ұсынып отырмыз. Қойылым сюжеті бойынша кішкентей бала өзінің ойыншықтарын жақсы көреді. Кейін ата-анасы оған ұялы телефонды сыйға тартады. Кішкентай бала телефонның қызығына кіріп, ойыншықтарынан бас тартады. Сондай-ақ ата-анасын сыйлаудан қалады, тыңдамайды. Былайша айтқанда, роботқа айнала бастайды. Уақыт өте ойыншықтар баланы құтқарамыз деп шешеді. Яғни ұялы телефон мен ойыншықтар арасында тартыс болады. Соңында ойыншықтар жеңіп шығып, бала ұялы телефоннан бас тартады.

«Ойыншықтар» деп аталатын қойылымда 8 кейіпкер бар.

Қойылымда ақтөс деген итті қуыршақ арқылы ойнататын актер Бекнұр Дастан ертегі балаларды телефонның шырмауыннан алып шығуға әсерін тигізеді деп санайды.

 

- Жанды түрде ойнағаннан гөрі қуыршақты ойнату екі есе қиын, дейді Бекнұр Дастан. – Себебі қуыршаққа жан бітіреміз, оған дауыс береміз және сол қуыршақтардың артында көрермендердің назарын аудармау үшін өзімізді бір бағытта ұстап тұрамыз. Бұрын үлкендеріміз ойыншықпен ойнаған баланың қиялы терең болады деп айтатын. Осы орайда, балаларды ойыншықпен ойнатып, қиялын тереңдетуге мүмкіндік жасаймыз.

Театр басшысы Арман Темірбектің айтуынша, қойылымды қою бір жыл уақыт жоспарлаған.

- Балалар өте жақсы қабылдап жатқанына байланысты алдағы уақытта, режиссерлер шақыртып, театр режиссерлерінің де қызығушылығы оянып жатса жоба жалғасын табады, - дейді театр басшысы. – Қуыршақ театрлары бірнеше облыстарда және ірі қалаларымызда бар. Ал біздегі ерекшелік қойылымды симфониялық оркестр сүйемелдеп отыр. Мұңдай қойылым ешқандай өңірде болған емес.