Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.
материал "Сарыарқа самалы" газетінің
сайтынан алынды http://www.saryarka-samaly.kz

Театрдың шымылдығын «Айман-Шолпан» түреді

Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры 29-ыншы маусымға әзірлік үстінде. Жыл сайын көрерменін тосын сыйлармен қуантуды мақсат ететін өнер ұжымынан биыл не күтеміз? Жаңа маусымның өзгешелігі қандай болмақ? Осы және өзге де сауалдарымызға аталмыш ұйымның бас режиссері Әділет Ақанов жауап берді.

- Әділет, жаңа маусымның басталуына санаулы ғана күндер қалды. Дайындықтарыңыз қалай?

- Биылғы маусымда көрермендерімізге әзірлеп отырған жаңалықтарымыз аз емес. Қазіргі уақытта әртістеріміз 29-ыншы маусымның ашылуына қызу әзірлік үстінде. Маусымашарды театрымыздың «төлқұжатына» айналған Ғабит Мүсіреповтың драмалық комедиясы «Айман-Шолпан» қойылымымен ашуды жөн көрдік. Бұл құрам бұрынғы құрамнан өзгеше. «Айман-Шолпанды» бұған дейін біздің театрдағы сақа әртістеріміз ойнап, елдің ықылас-батасын алып үлгерген. Енді тарихи туындының жүгін аға буын міне, жастарға сеніп тапсырып отыр.

- Сонда «Айман-Шолпан» қойылымынан кімдерді көре аламыз?

- Қойылымды ұзақ жылдар бойы Айман мен Шолпанның рөлін сомдап келген Талжібек Атамбек пен Рауза Тәжібаева апаларымыз спектакльді бастан аяқ жаңарту үстінде. Бұл жолы Айман-Шолпан бейнесі Толқын Әдебиет пен Айкерім Сүлейменоваға тапсырылды. Ал Теңге образында Аида Боранбаева болса, Арыстанды Руслан Нұғыманов, Әлібекті Нұржан Сарқамбаев сомдамақ.

- Осы маусымда көрермен назарына ұсынылатын қойылымдар белгілі ме?

- Әрине, ұжым болып ақылдасып, кеңес мүшелерімен бірлесе отырып 29-ыншы маусымда көрсетілетін 6 премьера негізі таңдалып алынды. Олардың арасында балаларға арналған ертегі де бар. Соның алғашқысы қазан айында тұсауы кесілетін әлемдік драматург Жан-Батсит Мольердің «Еріксіз емші» комедиясына дайындық басталып кетті. Сонымен қатар белгілі түрік драматургы Түнжер Жүженоғлының «Көшкін» драмасы да осы маусымда сахналанады. Жалпы биылғы жылға деген жоспарымыз айқын. Тіпті, маусым соңына дейін атақты Уильяма Шекспирдің бір туындысын қоюымыз бек мүмкін. Оның барлығы алдағы күндердің еншісінде. Жыл бойына көрермендерге ұсынылатын қойылымдардың барлығы белгіленіп, бекітіліп қойған.

- Естуімізше, театрдағы жас әртістердің ішіндегі таланттысы Нұрсерік Кеңесбаев енді сіздерде жұмыс істемейді. Былтыр Рахат Халық кеткен еді. Жалпы, жас таланттарды ұстап қалуға не кедергі?

- Жаңа маусымда өзінің алуан түрлі образдары арқылы көптің көңілінен шығып, павлодарлықтардың ыстық ықыласына бөленген Нұрсерік Кеңесбаев жұмыстан кетті. Өнер жолындағы ізденісін Алматы қаласында шыңдауды көздесе керек. Енді бізге келген жастарды ұстап қалуға не кедергі деген сауалға келетін болсақ, оған себеп көп. Соның әуелгісі баспана мәселесі. Иә, театрдың балансында қызметкерлерге арналған жатақхана бар. Бірақ үйленіп, отбасын құрғандар үшін аядай бөлмеде тұру тарлық етеді. Ал екінші мәселе, келген жастарымызға бірден басты рөлдер беріліп, әр қойылымнан қалдырмауымыз олардың «өстім-өндіміне» әкелетін тәрізді. Жастар облыстық деңгейден шығып, өнердің қайнаған ортасы Алматы мен Астананы бетке алады. Бірақ, ұжымнан кетіп жатқан жастар нақты бір себепті ашып көрсетпейді. Бір өкініштісі, жыл бойы әр қойылымнан қалмай, рөл сомдаған адамның жұмыстан кетуі репертуарға айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Енді Нұрсерік сомдаған рөлдерге басқа әртіс тағайындап, онымен қайта дайындық жүргізуімізге тура келеді.

- Биыл қатарға жас әртістер алына ма?

- Міндетті түрде. Өткен жылы «Шабыт» университетін бітірген жерлесіміз Қобыланды Болат қатарға қосылған болса, биыл 2 жас қыз біздің театрда жұмыс істеуге ниет білдіріпті. Олар Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындагы эстрада-цирк колледжінің түлектері.

- Театрдағы тағы бір үлкен мәселе көрермен тарту. Бұл мақсатта тағы қандай жұмыстар атқарасыздар?

- Біздің театр Астана мен Алматы қалаларынан өзге өңірлердегі театрлармен салыстырғанда 2 есеге үлкен. Бұл дегеніңіз өзге театрларда көрермендерге арналған зал 270-280 орынға шақталған болса, бізде ол - 480. Әртістер үшін залды толтыру міндет емес, қойған қойылымынан кемі 50-60 адам сабақ алып, ой түйіп шықса міне, сол үлкен бақыт. Бірақ, театрға келетіндердің саны жыл санап артып келе жатқанын байқау қиын емес. Қазір әлеуметтік желі арқылы біраз істі тындыруға болады. Өткен жылдан бастап жас әртістер әрбір қойылымды алдын ала хабарлап отырды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады.

- Әңгімеңізге рахмет! Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін! Сандар сөйлейді: Театрда 140 қызметкер бар. Оның ішінде шығармашылық ұжымда 140 адам. Театр 480 орынға негізделген Осы жылы 116 қойылым қойылған. Спектакльге келген көрерменнің жалпы саны – 28 мыңнан астам.