Өмір мен өнер арасы (3)

Өмір мен өнер арасы

"Сарыарқа самалы" газеті

Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2013

Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына жаңа директор тағайындалды. Зейнеткерлікке шықса да, өнерден қол үзбей, көп жылдар басшы болған, ұлттық театрымыздың дамуына тер төккен танымал талантты актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап басқарған жылдарда өнер ордасы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Енді, міне, сүбелі классикалық туындыларды сахналауға батыл барып, тарихи тұлғаларды көпшілікпен қауыштырып, ауқымды дүниелердің кілтін тауып жүрген Павлодар театрының тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Ғиылманұлы Жұманиязов ұстады. Ол Астанадан, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы театрынан келді.

 

 

Нұрлан Ғиылманұлы – талантты режиссер. Түрлі деңгейдегі театр фестивалі сынды шараларда әр жылдарда сахналаған қойылымдары топ жарып, есімі театрал көрерменге де, өнер сыншыларына да танымал болған өнер иесі. Жаңа жыл қарсаңында жаңа директормен кездесіп, театрдың бүгіні мен ертеңі жайлы сұхбаттасқан болатынбыз.

- Алдымен газет оқырмандарын, театр көрерменін жаңа жылмен құттықтап қояйық. Ана тілімізді әс көтерген, ұлттық өнерді құрметтеген қауым «Сарыарқа самалы» газеті мен Ж.Аймауытов театрын жоғары бағалайтынына, жаңа жылда да қол үзбейтініне сенемін. Өмір мен өнер арасында қашықтық жоқ, өмір сүрудің өзі үлкен өнер ғой. Сондықтан, қазақ өнерінің өрісі тарылмасын, жаңа жыл баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақ, отбасыларыңызға құт-береке әкелсін деп тілеймін.

- Рахмет, айтқаныңыз келсін! Нұрлан Ғиылманұлы, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз...

- Мен Орал облысы Орда ауданы Жәнібек ауылында туып-өстім. 1982 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының КСРО халық әртісі Х.Бөкееваның актерлік шеберлік класын, кейін осы оқу орнында  халық әртісі Ә.Мәмбетовтің қоюшы-режиссер класын бітірдім. М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында актер, 1987-2000 жылдарда ҚР мемлекеттік телерадио тарату кешенінің режиссері және бас режиссері қызметінде,  одан Павлодарға келгенге дейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрында Ә.Мәмбетовтің шақыруымен қоюшы-режиссер болдым.

- Қалай десек те, Алматы мен Астанада ірі өнер ордаларында қызмет еттіңіз. Биіктен қарағанда Павлодар театрының ахуалы қалай екен?

- «Театр менен басталады» деген кеудемсоқтықтан аулақ адаммын. Бұл театр - қалыптасып қалған ұжымы - тәжірибелі өнер иелері бар, облыстағы ірі өнер ордасы екеніне дау жоқ. Труппаны бұзбай, осы құрамда бірлесе еңбек етіп, театр өнерінің өркендеуіне атсалысуымыз керек. Келгеніме бір айдай болды, бейнетаспаға түсірілген көптеген қойылымдарды көріп шықтым, жақсы, үлкен ізденістегі ұжым екен. Бірақ, Алматы мен Астана театрларымен салыстыруға болмайды. Ол үшін аздап төмендеу керек.

- О не дегеніңіз? Павло-дарлық көрерменнің көңіліне ауыр тиеді деп ойламайсыз ба?

- Шырқыратып шындықты айту керек. Павлодарлық көрерменге қарап отырып, осыдан 10-12 жыл бұрынғы Қуанышбаев театрының жағдайы есіме түседі. Кішірек көрермен залын әрең толтыратынбыз. Ал қазір... қазір Астана театрындағы әр қойылым – аншлаг! Павлодарлық деңгей дегенім, өркениеті төмен дегенім емес, дегенмен, қазақ театрына қазақтарды көп тарту жағын мықтап қолға алу керек. Бұл театрды осындағы орыс театрымен де салыстыратын көрінеді. Ол дұрыс емес. Қазақтың менталитеті басқа. Мысалы, қазақтың ата-әжесі гөй-гөй деп немере-жиендерімен үйде отырады. Орыстың ата-әжесі қолтықтасып көшеде, театрда жүреді. Оларға қонақ келсе, театрға алып барады, бізге қонақ келсе, табақ-табақ ет асамыз, мейрамханаға тартамыз, құда-жекжатпен таныстырамыз. Қазақтың ата-әжесі немере-жиенімен үйде отырмай, ұрпағын театрға қарай жетелесе ғой деген арман бар көкейде. Осы қалада 350 мың тұрғын бар болса, соның 150 мыңы қазақ дейік. Оның тең жарымы ана тілін түсінбейді десек те, қалған 15-20 пайызы театрға келіп тұрса, соның өзі үлкен жетістік болар еді.

- Театрға көрермен тарту үшін не істеу керек  деп ойлайсыз? Жалпы, Аймауытов театрына не қажет?

- Алматы мен Астана театрларында Асанәлі ағамыз секілді әйгілі актерлер баршылық. Олар ойнайтын спектакльдерді Павлодарда сахналау қажет. Басты рөлді атақты әртіс сомдасын да, басқасын біздің әртістер ойнасын. Мысалы, «Ымырттағы махаббат» спектаклін көрдіңіз бе Гауптманның?

- Иә, Матис Клаузенің рөлін Асанәлі Әшімов ойнайды, ана жылы Павлодар сахнасында қойылған.

- Міне, осы қойылымды, сондай-ақ, басты рөлді Б.Тұрыс ойнайтын «Бес бойдаққа бір той» сынды қойылымдарды сахнаға шығарсақ, басты рөлдерді Асанәлі ағамыз, Бекжан сынды танымалдар, ал басқа рөлдерді жаңа айтқанымдай, павлодарлық әртістер сомдаса... бұл  әртістерге үлкен тәжірибе, сабақ болар еді. Екіншіден, Асекеңді көру үшін жұрт театрға ағылады. Ондай спектакльдерді сахналау үшін қаражат керек, әрине. Театрға көрермен тартудың бір жолы - осы. Екінші жолы – театр әртістерінің әлеуметтік жағдайы. Өнер ордасы ашылғанда жас актерлерге бірден пәтер берілген, үлкен резонанс алған театр ғой. Қазір ұлттық өнерге деген сол қамқорлық жалғасын тапса деп армандаймыз. Осында еңбек еткендеріне 10 жылдың жүзі болған әртістер үйсіз жүр. Еңбекақылары шайлыққа әрең жетеді. Ондай жағдаймен алысқа ұзай алмаймыз. Алматыдан келген бір топ жастарымыз бар, оларға пәтер тимесе, бүгін-ертең кеткелі тұр. Ал театр ашылғанда келген әртістердің орнын басатын, өнер ордасына жаңа леп әкелетін жастар керек қой. Тағы бір мәселе, Павлодарда музыка колледжі, жоғары оқу орындарында музыка факультеттері бар екен, солардың жанынан театр бөлімін ашса... Оған өзім де, осындағы тәжірибелі актерлер де сабақ беруге білім-тәжірибеміз жеткілікті. Осы мәселені шындап көтеретін кез келді. Мамандарды жергілікті жерден дайындаудың пайдасы зор ғой.

- Бұл мәселелер павлодар-лық театрда, газетімізде бұрыннан көтеріліп келеді. Егер сіз қолға алып, жүзеге асырсаңыз, құба-құп, іске сәт! Астаналық әртістердің еңбекақысы тәуір болар...

- Әрине. Академиялық театрлардың еңбекақылары әлдеқайда жоғары. Ал академиялық дәрежеге жетудің өзіндік критерийлері бар. Соның бірі - мемлекеттік деңгейдегі атақтылар бірнешеу болуы тиіс. Ал бұл театрда М.Манап, оркестрдің жетекшісі Б.Рақымжанов, Р.Тәжібаева, оған            мені қосайық, бар-жоғы 3-4-ақ адамда атақ бар екен. Неге? Неге талантты актерлердің еңбектері дер кезінде еленбеген? Неге сыйлыққа, үлкен атақтарға ұсынылмаған? Осы мәселе де күн тәртібінде тұр.

- Театр көрермендеріне жаңа жылда қандай қойылым ұсынуды жоспар-лап отырсыздар?

- Биыл Ж.Аймауытовтың туғанына - 125 жыл. Соған орай осы аймақтағы, яғни, Семей, Шығыс Қазақстан, Астана театрлары бірігіп, театр фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы шарада біздің театр белгілі режиссер, драматург Ерсайын Төлеубаевпен бірге Ж.Аймауытов туралы «Қаһарлы жүрек» пьесасын сахналасақ дейміз. Онда Мәшһүр Жүсіп, Ж.Шанин, С.Торайғыров, Ә.Қашаубаев сынды жергілікті белгілі тұлғалардың бейнелері көрініс табуы тиіс. Американдық драматург Дельмардың «Баянсыз бақ» пьесасын сахналамақпыз. Әрине, қазақ драматургтерінің туындыларын қоюдың орнына шет елдік туындыны қойғаны несі деп күстаналайтындар да шығуы бек мүмкін. Бірақ, біздің көрермен шет елдік туындылармен де танысып отыруы тиіс. Өзімізді шектеуге жол бермеуіміз керек, қиялымыз кең болса, алға қарай ұмтылыс та боларына дау жоқ. Біздің көрерменнің Мәскеудегі 200 театрдың көрерменінен несі кем?! Немесе анау жапон, корей, неміс театрларының көрерменінен айырмашылығы бар ма? Жалпы, ұлты, тілі, ділі, діні басқа болғанымен, адамның адамнан еш айырмасы жоқ. Жапондыққа берілген 70-80 жылдық ғұмырды Жаратқан иеміз қазаққа да берген. Сонда неге қазақ көрермені театрсыз өмір сүруі тиіс? Неге шет елдіктер театршыл? Осы ретте біз, театр қызметкерлері, көпшілікті ұлттық өнерге тартуға, сол үшін тер төге еңбек етуге тиіспіз. Ол үшін әзірге не істеу керек дегендегі ойымды жаңа айтып өттім.

- Үлкен театрларда қызмет еттіңіз. Қандай қойылымдарыңыз ел аузына ілікті?

- Алматы мен Астана театрларында еңбек етуім, Бөкеева мен Мәмбетовтен сабақ алғаным маған үлкен сабақ болды, өнердегі жетістіктеріме жол ашты. 1986 жылы Шымкенттегі облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрында Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», кейін Ә.Сарайдың «Балуан Шолақ», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас  жұбайлар-ай», А.Аксеновтің «Алқызыл гүл», С.Жүнісовтің «Орман оқиғасы», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», У.Шекспир, И.Штраустың драмаларын сахналадым. Өткен жылы Орал қаласында өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған еліміздің драма театрларының ХХ республикалық театр фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын қойдым. Осы шарада Қ.Мырзалиев атындағы арнайы сыйлық және Науан бейнесін сомдаған ҚР халық әртісі Т.Мейрамов «Ең үздің ер адам бейнесі» аталымын иелендік. Басқа да көптеген қойылымдарды сахналадым, еңбек, ізденіс жеміссіз емес. Павлодар өңірінде де таланттар баршылық. Алдағы уақытта театр репертуарын жоғары деңгейдегі қойылымдармен толықтырсақ, идеялық-көркемдік деңгейін арттырсақ деген мақсат бар.

- Игі істеріңіз жүзеге асып, театрдың шығармашылық ахуалы биіктеп, жаңа жыл өнер ордасына жаңа леп әкелсін, 2014 ұлттық өнерге олжа салар жыл болсын деп тілейміз!

 

Сұхбаттасқан –Сая МОЛДАЙЫП.