Өмірдегі ролі – әртіс!

Өмірдегі ролі – әртіс!

«Сарыарқа самалы» 4 мамыр 2013 жыл

 

    Жаздың алғашқы күні еліміздің театр өнері майталмандары және Мәскеудің Щепкин атындағы жоғары театр училищесінен түлеп ұшқан зиялы қауым өкілдері Павлодарда бас қосты. Өңіріміздегі ірі мәдени оқиғаға ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының директоры Мұхтархан Манап себепкер болды. Өнер тарланы замандастарымен бірге 70 жылдық мерейтойын атап өтті. 

     Қазақ театр өнері аспанында сұңқар болып самғаған Мұхтархан аға Мәскеудегі Щепкин атындағы училищесін тәмамдаған соң Торғай жерінде ашылған алғашқы қазақ театрында еңбек етіп, Жезқазған облысындағы өнер ордасының негізін қаласты. Ал Ертістің Павлодар өңіріне тоқсаныншы жылдары шақырылып, осы сәттен бастап облысымыздағы театр өнерін гүлдендіруде өз қолтаңбасын қалдырды.

 

     «Кішкентай ғана өнерімді бағалағандарыңа мың алғыс!». Кеш барысында бұл сөздерді Мұхтархан ағамыз сан рет қайталады. Ол жүрегі мен көңіліндегі қуанышын осылайша білдіріп жатты. Осы сөздерінен-ақ, Мұхтархан Сәдуақасұлының шынайы өмірде де, сахнада да қарапайым, достарына адал екенін байқау қиынға соқпады. «Щепкиндіктер» болса, курстас әрі өмірлік дос атанған ағамызға жоғары қызмет көрсетіп, өнері мен өнегесіне бас иді.

 

     Мерейтой иесін құттықтаушылар қатарында, сонымен қатар, Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков, ҚР халық әртісі, тәуелсіз «Платина» сыйлығының иегері Есмұхан Обаев, Саха Республикасының халық әртісі Куприян Михайлов және өзге де өнер қайраткерлері болды.

 

   Есмұхан ОБАЕВ, ҚР халық әртісі, тәуелсіз «Платина» сыйлығының иегері:

 

- Абай, Шәкәрім топырағында дүниеге келген Мұхтархан да қазақтың бір қара баласы. Адамдығы азаматтығына, өнері өнегесіне тән азамат қазақ жерінде ерен еңбек атқарды. Оның басқарған театрлары, киелі сахнада сомдаған образдары халықтың көз алдында. Жалпы, талантты жастармен еңбек ету, театр тізгінін ұстау – өнердің «азабы». Ол бұл «азапты» көп көрген.

 

Досжан ЖАНБОТАЕВ, Жезқазған қазақ музыкалы драма театрының директоры, көркемдік жететкшісі:

 

 

- Мұхтархан Сәдуақасұлымен бірге сонау 1962 жылы мәскеулік училищеге түсіп, өнер жолына бірге аттанған едім. Сол сәт әлі есімде. Өнер ордасына түскен қазақ балалары жатақханада тұратын. Бір күні алып денелі қара жігіт кіріп келді. Сөйтсек, бұл Мұқаң екен! Достығымыз осы кезде басталып, бүгінгі күнге дейін үзілмеген. Кейін Торғайға, Арқалыққа торғайдай топ ете қалды. Осы жерде ашылған театрдың аспанында торғай болып ұшып, сұңқар болып самғап, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанды» ойнадық. Алайда, араға біраз уақыт салып Мұқаң еңбек жолын Жезқазған, Павлодар өңірлерінда жалғастырды. Біз, әріптестері болсақ, қимай қол бұлғап қала бердік. Арамыздан Мұхтархандай театр тарланы шыққанын мақтан етеміз. Ал оның мерейтойына қатысып, құрметті мейман атанғанымыз мен үшін зор бақыт!