Анам өнер адамы болғанымды қаламады

Анам өнер адамы болғанымды қаламады

 

  "Регион.KZ" 11 қазан 2013г

Біздің анықтама:

 

Аты – жөні: Еркежан Төлеубек

Туғаны жылы: 1990

Жұлдызы: Тоқты

Хоббиі: Әдеби шығармалар оқу, спектакль көру, өлең оқу, дәстүрлі ән тыңдау

Үлгі тұтар жаны: Ұстазы Тілектес Мейрамов

Арманы: Қазақ сахнасының саңлағы болу 

 

 

-  Әңгімеміздің пәлсапасын отбасың, шыққан ортаң жайынан бастасақ...

-  Мен өз отбасым жайлы әркезде үлкен мақтанышпен айтамын. Себебі менің армандарымның жүзеге асуына, биік белестерді бағындыруыма жақындарым үлкен септігін тигізді. Үйде  төрт ұлдың ішіндегі жалғыз гүлмін. Әкем көп жылдар ұстаз болған жан. Анам аспан әлемінің зерттеушісі. Яғни, астролог. Өз басым киелі Баянауыл топырағынан нәр алып өскенімді әркезде тебірене айтамын. Баянауыл менің ұраным десемде болады. Көп жерде «Көңіліне түсірмейтін қаяу мұң, Еркесімін қасиетті Баянның», - деп    айтып жүрем.

-    Әртіс болу бала күнгі арман шығар...

-  Әрине. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап «әртіс болсам ғой!», - деген арман мені алға жетелейтін. Сонымен қатар, мектепті үздік оқитын оқушылармен иық тірестіре, тең дәрежеде оқыдым. Сонда да сабығымды оқи жүріп, мектеп ішілік іс-шараларға да қатысып, спорттық сайыстарға да үлгеретінмін. Солардың ішінде бір ғана меңгере алмағаным ол домбыра болды. Соған әлі күнге дейін өкінем.

Енді арман деп отырмыз ғой. Менің осы бір балалық қиялыма қанат бітірген, «мен қайтсем де әртіс болам», - деген ойға жетелеген менің мектептегі ұстазым, әрі сынып жетекшім Сәуле Базарова болатын. Ал, анам менің сахнада өнер көрсетуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Ол әкемнің жолын қуып, ұстаз болғанымды қалады. Бірақ, әкем маған сенді, рухани демеу болды. Әкемнің қолдауына қанаттанып, «сахына саңылағы», - болам деген араманды арқалап, арман қала Астанаға білім іздеп кеттім ғой, ақыры. Міне, бүгінде сол арманым ақиқатқа айналып туған өлкеме актриса деген атпен оралып отырмын. Ең бастысы шын жүрекпен армандау керек екен...(Күліп)

   Өз сөзіңде айтып отырсың ғой «мектеп қабырғасынан бастап спектаклдерде рөлдер сомдадым», - деп. Ең алғаш сомдаған рөлің есіңде болар...

- Әрине, ол сәтті ұмыту мүмкін емес қой. Мектеп қабырғасында жүргенде Сәуле апайым көптеген  үйірмелердің жетекшісі болатын. Сол кезде Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдерін» алғаш рет сахынаға алып шықты. Онда  мен Балшекер деген қыздың рөлін сомдадым.

Менің ең алғаш  мекетеп қабырғасында жүргенде Балшекер деген қыздың рөлім сахнаға алып шықтым. Әлі есімде баламыз ғой жасандылық дегенді білмейміз. Кәдімгідей беріліп жылайтын жерінде жылап, күлетін жерінде шынайы күліп ойнадық. Келген көрермендер «мә, мына қыз дайын тұрған әртіс қой» дегендері есімде. Сол сөздерде әсер етпей қоймады маған.

-   Еркежан, білуімше сен қатыспаған сайыстар кемде – кем. Әрине өнер жолында. Ауыз толтырып айтар жетістіктерің бар ма?

(Біраз ойланып...) Енді мектеп қабырғасында жүргенде пән аралық олимпиадаларға қатыстым және, республикалық деңгейде өткен студенттер арасынғы Мұқағали Мақатаев оқуларында бағымды сынадым. Айта берсе көп қой. Бүгінде мақтана айтатыным, ол 4 курста болды.  Біздің топтың студенттері бірлесіп Асқар Тоқпанов атындағы студенттер арасындағы  халықаралық сайысқа Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсын» апардық. Онда мен 70 жастағы Елена әжейдің рөліндемін. Сол додада біздің топтан 2 бала арнайы сертификатқа ие болдық. Яғни, бізге кез-келген халықаралық сайыстарға қатысуға жолдама берілді. Бірақ, сол сертификаттан да қымбаты конкурстан кейін өзге мемлекеттен келген үлкен әртістер келіп қолымды алып, маңдайымнан иіскеп «рөліңді жеткізе білдің», - деген кездегі қуанышымды көрсеңіз...(тебіреніп)

-  Бағанадан байқап отырмын, сенің сөйлеу мәнерің, іс – қимылың  Қымбат Әбділдақызына қатты ұқсайды. Соған қарағанда Қымбат апайды үлгі тұтпайсың-ау...

 Дұрыс байқадыңыз. Бұл туралы маған көп адамдар айтып жүр. Қымбат Әбділдақызына ұқсатуыңыздағы басты себеп мен өзімді «ұлт жанды азаматшамын», - деп есептеймін. Сөйлеген кезде, қазақ десе жанымды беріп сөйлейтінім содан. Кез-келген жерде орысша шүлдірлеп тұрған қазақты көрсем Күләш Ахметова апамыздың  мына өлең жолдарын ұялмастан тоқтай қалып айтып берем.

«Қазақты жамандама қазақ бала,

Халық қой қазақ деген аз –ақ қана.

Мәңгілік ай астында, жер үстінде,

Қазақтың жанашыры қазақ қана».

-    Кез-келген дүниенің бір тұтқасы бар. Ал, сенің өнердегі тұп қазығыңды мықтап шегелеген жан туралы не айтасың?

-     Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Менің өнердегі ірге тасымды қалап берген  Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов. Өнер жолына қадам басқан әрбір адамға халық әртістерінен тәлім алу бұйыра бермейді. Бірақ, бұл бақыт маған бұйырды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», - дегендей, тәлімгерлер турасында  менің айым оңынан туды десем қателеспеймін.

-      Өзің поэзия жазудан құр алақан емессің. Ал оны нақышына келтіріп оқу, тыңдарманға жеткізу сен үшін қарапайым нарселермен пара-пар секілді. Неден шабыттанасың? Құпиясын ашсаң...

-     (рахаттана күліп алды) Мен өзімді «ақынмын»,-деп ешқашан есептеген емеспін, есептемеймін де. Өлең жазу тек менің хоббиім. Ал мен шабытты кітаптан алам. Кітап десе ішкен асымды жерге қоюға бармын.

-    Сенің болмысыңа, сөйлеген сөзің қарап отырып мектепте бұзық болған шығар деген ой түйсек бола ма?

-     Жоо-о-о-қ. Мен өте тәрбиелі, салмақты болдым. Қазір бір құпияны ашайын... Мен бір көрген адамдарға онша ашылып, ішкі сырымды білдіре бермеймін. Сыпайы түрде тіл қатып, нәзік қатынасам. Ол адамды жақсы танып білмейінше мен шынайы болмысымды көрсете бермеймін.

-      Ендеше менде біздің оқырмандарымызға сенің тағыда бір құпияңды ашайын. Ол сенің пародия салатының. Кімдерге пародия жасайсың?

-       Маған ер азаматтардың даусын салу мүлдем қиын емес. Мәселен бұқараға айтыс арқылы танылған Жүрсін Ерманов ағамызға саламын.  Бір түрлі әбес көрінуі мүмкін. Себебі, Жүрсін ағамызға тек ер азаматтар салып жүрді ғой. (Бізде қолқалап Жүрсін Ерман мен  айтыскер ақын  Қарлығаш Әубәкіровға пародия салғыздық.) Сонымен қатар, мен ауылдың қыздары қалай сөйлейді, қаланың қыздары қалай сөйлейтінін келтіре алам. Алайда, мұны «менің өнерім» деп емес, «қызығушылығымнан туындаған дүние»,-деп қараған абзалырақ. 

-    Тамаша! «Армансыз адам қанатсыз құспен тең»,-деп жатамыз. Шіркін, «осы бір рөлді ойнасам ғой» дейтіндей көкейіңде жүрген образ бар ма?

-       Біз көп жағдайда әртіс пе, әртіс деп қараймыз ғой. Жоқ олда ішінен бөлінеді. Мысалы, мен өнер университетіне түскен жылы онда қуыршақ бөлімі де ашылып жатты. Алғашқы күні мені сол қуыршақ бөліміне қабылдап, ертеңгі күні «мына қызды драмаға алмасақ обалына қаламыз»,-деп  драма бөліміне жіберді. Драмада бітіру үлкен бір арман еді ғой! Әйтеуір арманыма жетер жолдың алғашқы баспалдағына қадам бастым. Мен өзімнің қасиет тұнған Ертіс-Баяныма әртіс болып оралдым.

Негізі  менің жаныма, табиғатыма, болмысыма жақын рөлдер ол драмалық жанрдағы рөлдер. Менің ең үлкен арманымдағы рөлім ол батыр қыздардың, ақын қыздардың рөлі. Сосын Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» Ләззат деген қыздың рөлін есім кете ғашықпын. Сондай – ақ, Ақтоқтыны неге ойнамасқа?!

Тағы бір айта кететін нәрсе өткен жылы ғана жұмысқа орналасқан кезімде Оралхан Бөкейдің «Атау кере» драмасындағы «Айна деген қыздың рөлін маға берсе ғой!» деп іштей тілеп жүргем. Жақында осы арманым алдамай рөлді маған берді.

-     Әрбір нәрсенің бір кем тұсы болатыны анық. Өзіңнің өнеріңде көңілің толмайтын кемшіліктерің турасында не айтасың?

-    Енді қараңыз қазіргі таңда қызмет жасап отырған жер Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық-драма театры. Сондықтан мен көбіне ән салу жағынан ақсап жатам. Жай қарапайым өмірде ән салу бір бөлек, шынайы сахнада образға ене отырып сомдаған рөліңдегі кейіпкердің сызылта ән салатын жерлерінде әнді өзің орындау үлкен жетістік. Сондықтан менің ендігі мақсатым рөлді ойнай жүріп ән салуды үйрену. Қазіргі таңда осы мақсатқа жету үшін вокалдық дайындықтарды жасап жатырмын.

-         Өмірлік ұстанымың қандай?

-        Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, тек жақсы дүниелерді көкейге түйіп, санаға құйып, жаныма жат әдеттерден алшақ болу өмірлік ұстанымым.

-         Біздің оқырмандарға деген тілегің

-         Театр ол рухани  азықтың алтын ордасы. Сондықтан менің бір тілегім көрермендер театрға келуден жалықпаса екен.   

-        Еркежан, алтын уақытыңды бөліп, сырлы сұхбаттарыңмен бөліскеніңе алғысым шексіз. Өмірде де өнерде де жолың болсын! 

 

Әңгімелескен: Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ