Үш бөлмеде үш отбасымыз

Үш бөлмеде үш отбасымыз

"Регион KZ" 8 қараша 2013 ж.

Театр, театр, театр,

Жанға жай ғажайып шумақтар,

Театр, театр, театр,

Қоймайды, қайғыртпай, қуантпай...

 

Сахна төріндегі сан образымен жұртшылыққа таныла бастаған жас әртістердің бірі – Ерзада Тұрсынбайұлы. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірісімен Павлодардағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма теартына қызмет етуге жол тартады. Өзі актер, әнші Ерзаданың сахна сыртындағы жай жапсарымен танысқан едік...

  

  • Ерзада, ең алдымен өз отбасың жайлы айтып берсең...
  • Менің шыққан отбасым ұстаздар әулеті десем де болады. Әкем мен анам Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді. Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін екі қарындасым мен бір інім бар. Ал, шаңырақ көтергеніме екі жылдай болды. Бүгінде Нұрила есімді кішкентай қызымыз бар. Әйелім Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында қызмет етуде. Ол да өнер адамы.
  • Академияны тәмамдаған соң, сонау Алматыдан осында келуіңе не түрткі болды?
  • Павлодарға былтыр, яғни 2012 жылы тамыз айының аяғында келіп, бірден осы театрға орналастым. Оқуды бітірерден бұрын театрдың бұрынғы режиссеры болған Ерсайын Тәпенов ағамыз бізбен жүздесіп, осында қызмет етуге шақырған еді. Бізге осында шығармашылық тұрғыдан өркендеуге, әрі әлеуметтік жағдайымыздың реттелетінін айтты. Шынын айту керек, ең бастысы баспана берілетіндігін алға тартқаны көбімізді ынталандырды. Сөйтіп, алаулаған арманмен осында бес алтауымыз бірақ келдік.
  • Сонымен, үй берілді ме?
  • Жоқ, үй ала алмадық. Алғашында жатақханаларда тұрған кездеріміз болды. Есесіне, театр бізге пәтер жалдап беруде. Қазір үш бөлмелі пәтерде үш отбасы болып тұрып жатқан жайымыз бар. Онда Шалқар, Әсет есімді әріптестерімізбен бірге күнелтудеміз. Ал, жеке үй туралы айту қиындау. Өйткені, мұнда талай жыл талмай қызмет етіп жүрген аға-әпкелеріміздің де әлі үйсіз жүргендері жеткілікті. Тек, тағы бір он бөлмелі жер үйдің жөндеуден өткізіліп жатқандығын естиміз. Алдағы уақытта сонда қоныс тебетін секілдіміз. Бір-бір бөлмесін паналап.
  • Тарлау емес пе?
  • Әрине, өз шаңырағыңның оңаша болғанын әркім қалайды. Бірақ жақсы, иманды достармен көрші болып, көңіл сыйғызып тұрып жатқан жайымыз бар. Әзірге тар деп айтпас едім.
  • Уәде етілген баспананың берілмеуі осында қызмет етсек деген райларыңыздан қайтарған жоқ па?
  • Ержан Қауланов есімді талантты режессер осында келіп қызмет етіп, бірнеше қойылым қойған болатын. Мындағы жағдайдың бастапқы берілген уәдеден алшақ екенін түсініп кетіп қалды. Қайта келетін ниеті байқалмайды.

Алысқа атбасын бұрғанда ақылға шақырып, «ағайын-туыстың ортасында Алматыда қал» деген ата-аналарымыздың айтқанына қарамай келген едік, жағдайымыз жасалады деген үмітпен. Енді құралақан қайтып бару да бізге оңай болмасы белгілі. Сондықтан, әліптің артын бағып жүрміз. Аймақ басшысы да өнерге біртабан жақын азамат – рухани саланың жанашыры екендігі белгілі.Үмітім үзілмейді.

  • Отбасылық табысың қалай?
  • Табысым қолыма тиетіні 49 мың теңге. Ал, әйелімнің да табысы сол маңайда.
  • Көңілің тола ма?
  • Әрине, толмайды деп күпірлік етуден аулақпын. Алланың бергеніне шүкір дейміз.
  • Өзің тамаша ән саласың, күйшісің, тіл байлығың да керемет. Той басқарып асабалық етпейсің бе?
  • Әрине, тойға шығып тұрамыз. Тойдың түсуіне байланысты, қызметімізбен үйлестіріп отырып келісеміз.
  • «Ставкаң», яғни бағаң қымбат па?
  • Жоқ, той иесі өз қалауымен береді. Мен пәленбай деп ешқашан айтпаймын. Әркімнің жағдайы әртүрлі ғой. Біреу он мың біреу отыз, қырық мың беріп жатады, жылы пікірін айтады.
  • Тойда қандай әндер айтасың. Бәлкім эстрадалық болар?
  • Жоқ, мен тек домбырамен ән саламын. Көбіне халық әндерін орындаймын. Ал, кейінгі уақытта Керекуде жүрген соң, атақты әнші Естайдың да әндерін үйреніп жүрмін.
  • Бос уақытыңды неге арнайсың?
  • Негізінен менде бос уақыт аз. Бірақ қолым босай қалса, спортпен айналысамын. Жаттығу залыдарында дене шынықтырумен айналысып, аракідік достарымызбен бірге футбол ойнағанды ұнатамын.
  • Бәрекелді, кей адамдар өнер адамының бойындағы сезімін ерітіп, мұңын серпілту үшін арақ ішіп, темекі тартады деп жатады. Сен, арақ-темекіге қалайсың?
  • Жоқ, мен арақ пен темекіден аулақпын. Басыма қиындық пен уайым келер болса, Аллаға шүкіршілік етіп бұл өмірдің бар болғаны сынақ екенін еске аламын. Негізі, ондай пікірлерді айтатындар қатты қателеседі. (күліп) Әйтпегенде, арақ-темекісіз де өнерде, сахнада жүрміз ғой.
  • Тез ашуланасың ба, төбелеске қалайсың?
  • Жоқ, тез ашуланбаймын. Мейлінше сабырлы болуға тырысамын. Және біреумен төбелесіп, ұстасып, жаға жыртысып көрген емеспін. Бүлдіршін кезімде, балалықпен бір досыма көмектеспек ниетпен, келесі бір баланы бір-ақ рет түйіп қалғаным бар. Одан кейін төбелеспедім.
  • Үй шаруасына қалайсың, жиһаздар сынып немесе сантехникалық мәселер туындап қалғанда, кімге жүгінесің?
  • Үй шаруасына бір кісідеймін деуге болады. Алматыда көп қабатты үйде тұрғанбыз. Сонда барша ер азаматқа тиесілі шаруаларды әкемнен мықтап үйрендім. Бірден көмек қолын іздеп, артық шығынға батқанды жөн көрмеймін.
  • Тамақ әзірлеуге қалайсың?
  • Иә, ол қолымнан келеді. Әсересе палау, вермишель, көже картоп пісіруді білемін.
  • Қаланы жиі қыдырасың ба?
  • Жиі деп айтпас едім. Бірақ, қол қалт еткенде отбасыммен бірге серуендегенді ұнатамын. Әсіресе Жағажайда, Сәтбаев, Кутузов көшелерінің бойымен серуендеген тамаша ғой, шіркін!
  • Достарың жайлы айтып өтсең...
  • Достарым өте көп. Керекуге келгелі де бірқатар абзал азаматтармен араласып жүрген жайымыз бар. Барлығы да иманды, ақыл-парасатты азаматтар, Қуанышбек Шарманов, Ардагерей деген ақын бар, Айбек Оралхан сынды жігіттермен сырласпыз.
  • Кілең ақындар екен. Өзің өлең жазасың ба?
  • Жоқ, жазбаймын. Бірақ жаза аламын деп ойлаймын. Көбінесе түрлі тапсырыстармен әртүрлі тақырыптарға тақпақтар, арнаулар құрап беріп жататыным бар.
  • Сөздеріңнен байқауымша, имандылыққа, дінге жақын секілдісің?
  • Иә, Алланың нәсіп еткен иманына тәубе деймін. Бес уақ намаз оқимын. Қатарластарымыздың көбі солай. Мешіттерден, имамдардан тәлім алып, Алла алдындағы парызымызды қалыс қалдырмауға тырысамыз.
  • Бәрекелді, діни көзқарасыңа, ұстанымыңыа байланысты өзгеше көзқарасқа, кедергіге тап болған жоқсың ба?
  • Жоқ, құдайға шүкір, иманды елдің баласымыз ғой. Осындағы аға-апаларымыз да бәрекелдісін айтып жатады. Дұрыс жолға түсіп, жамандықтан аулақтағанымызды қолдағаннан өзге пиғыл жоқ. Теріс ағымдардан аулақ болып, бабаның жолымен жүрген азаматқа біздің елімізден артық мемлекет жоқ!
  • Бәрекелді, сөз соңында қызметіңе қайта оралсақ. Сеніңше, қазір театрға не жетіспейді?
  • Бұл жерде мен осындағы барша жастардың атынан айтып өткім келеді. Бізге мықты режиссер өте қажет-ақ! Жалындаған жастардың бойындағы қасиеттерді аша түсетін, қалыптасуына жол ашатын да режиссер. Бұрын халықаралық республикалық түрлі фестивальдерге қатысып, гастрольмен жүретін өнер шаңырағында бүгінде мұндай дүниелер азайып кетті. Сол олқылықтың орны тезірек толса екен деген ойдамыз.
  • Дұрыс-ақ! Сөз соңында көкейдегі арманың туралы айтсаң...
  • Көп дүниеге құнықпаймын. Мақтан мен жалған атақты да іздегім келмейді. Біреулерден қошемет пен мақтау естуге де құмартпаймын. Басты арманым, ұраным десем де болар, Жәнібек Кәрменовше айтсақ, «адам боп келдім өмірге, адам боп кету арманым!».
  • Сыр бөлісіп, сұхбат бергеніңе рахмет!

Сұхбаттасқан Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ