ТЕАТРДЫҢ «ПРЕМЬЕРАСЫ»

ТЕАТРДЫҢ «ПРЕМЬЕРАСЫ»

«Сарыарқа   самалы» газеті

6 сәуір 2013 ж.

– Ж. Аймауытов  атыдағы  қазақ  музыкалы  драма  театры  - өңіріміздің ғана емес, күллі  Қазақ  елінің мақтаныш. Оның киелі сахнаснда  қазақ  және шетел әдебиеті көрнекті өкілдерінің туындылары сахналанп,  талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына, қошемет-құрметіне бөленуде. Десе де, алаңдауға тұрарлық мәселелер баршылық.

«Бір айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы» демекші, бұл – театрдың жарық жағы ғана... Ендеше, назарларыңызға сахна өмірінің сахналанбайтын жағы туралы баяндайтын «премьераны» көруге шақырамыз. Басты кейіпкері – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап.

 

 

1 АКТ: Киім ілгіш

« Театр  – киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Әңгімеміздің өзегі етіп отырған өнер ордасы өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өтіп, көңілді қуантқан. Әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде жүретін ұжым құрамындағы актерлер  өздерінің өнерлерін шыңдап отырады деуге негіз бар.  Театр  ұжымының халықаралық, республикалық бауқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы осының дәлелі. Өнер иелері Мысыр, Түркия елдерінде, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Новосібір қалаларында табысты өнер көрсетті. Бұл – қуантарлық жайт.

Дегенмен, шығармашыл орта жұмысына қолбайлау болар жайттар жоқ емес. Бүгінде әртістердің киімдері, декорация, гастрольге шығу сынды «киім ілгіштің» жағдайы көңіл көншітпейді. Осы жайтты театр  директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап та мойындап отыр. «Материалдық базамызды бюджеттен бөлінген қаражат және өзіміз тапқан-таянғанымызбен жаңартудамыз. Бірақ, бұл «жыртығымызды» жамауға жетпейді», - дейді ол. – Шығармашылық іс-сапарға шығудың өзі бір жақтан  мұң. Айта кетерлігі, өткен жылы аймақ басшысы театрға арнайы автобусты сыйға тартып, көлік мәселесін шешіп берген. Жөн екен, алайда, өнер ұжымы гастрольдік сапарларға шығуда қиындық көруде. Қара шаңырақ осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияда өткен түркітілдес театрлар фестивалінде жеңіске жеткен. Бұл сәтте де әртістер қауымы гастрольге бару үшін өз табыстарын сарп етіп, өзге елге қазақ  мәдениетін танытқан-ды. Айта кетер жайт, «аймауытовтықтар» Түркия елінен бірнеше рет шақырту алған. Жуырда труппа гастрольдік сапармен Қарағандыдан болып қайтты. Кейінгі бағыты – Семей қаласы. М.Манаптың айтуынша,  өнер сапарларына қажеттілік үшін 20 миллион теңгеге өтініш берілген. Алайда, бұл соманың жартысы ғана бөлінбек. Өнерді тұсап отырған – ақша деген «құдірет».

2 АКТ: Баспана һәм ынталандыру

Бүгінгі таңда  театр  әртістерін мазалаған басты мәселе – баспана. Тоқсаныншы жылдардың басында өнер жолын Павлодардан бастаған әртістерді қоспағанда, биылғы маусымда  театр  көшіне жаңадан келген 8 жас (7 әртіс және режиссер) үй-күйсіз жүр. Барлығы пәтер жалдаушының күнін кешуде. Олардың шығынын театрдың «қалтасы» көтеруде. Мәселе басшылық назарынан тыс деп айтуға келмейді. Облыс әкімінің мәдениет қызметкерлерін жаңа жыл қарсаңында болған марапаттау сәтінде аймақтағы мәдениет өкілдеріне баспана беру мәселесі шешілетінін айтқан болатын. Бір қуантары, қазірде Павлодар қаласында Ленин көшесінің бойында он бөлмелі ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта әртістер баспаналы болатын күн де алыс емес.

 - Жуырда Т.Жүргенов  атындағы  өнер академиясының ректоры Арыстан Мұхамедиұлы хабарласып, бірнеше талантты ұл-қызды жібермек ойын білдірді. Қолбайлау - баспана , - дейді Мұхтархани аға.

Жергілікті театрдың құрылғанына 23 жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында  драма  әртісі Роза Тәжібаева ғана ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағын алған. Қалғандары марапаттан әлі де болса дәмелі. Мәселен, өнер ордасының 20 жылдық мерейтойында театрдың 16 әртісі ҚР Мәдениет қайраткерлігі атағына ұсынылған екен. Өкінішке қарай, атақ әзірге ешкімге бұйырмады. «Біздің әртістер шетінен талантты, баяғыда-ақ атақ алатын кез жетті. Ынталандыру аздық етпейді. Болашақта бұл жайт ескеріледі деген үміттеміз», - дейді М.Манап.  

3 АКТ: Жарнама

Көрермен театрға бас сұқпаса, оған режиссер мен әртіс қана кінәлі емес. Өнер ордасы табалдырығын аттайтындардың аздығы жарнамаға да тірелетін сияқты. Бұл да – театрдың «бас қайғысы». Мәселен, бүгінде облыс бойынша спектакльдерге билет сататын бір-ақ касса бар. Сол себепті, қызметкерлер «жарнамашы» мамандығын да қоса игеруде. Сөз жоқ, билеттердің барлығы дерлік сатылады. Мәселе – халықтың келуінде. Осыған орай бір статистиканы келтіріп өтсек. Жуырда көрермен назарына Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» атты премьерасына 460 билет ( театр  470 орындық) сатылған. Өкінішке қарай, жаңа қойылымды 300 адам тамашалаған. Шетелдік әншілер келгенде мыңдаған теңгесін жұмсайтындарымыз бар ғой арамызда. Бұған не дерсіз?  Театр билетінің құны – 400 теңгенің көп көрінгені ме? Айтпақшы, жуырда Павлодар көшелерінің бойымен « Театр  трамвайы» жүретін болды. Оған «Трамвай басқармасы» АҚ басшылығы демеушілік көрсеткен. Бұл аталмыш мәселені шешуге септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Антракт

            -  Жергілікті бюджеттен театрдағы премьераларға қанша қаражат бөлінеді?

            -  Жыл сайын жаңадан сахналанатын 6 қойылымға 1,5 миллион теңге беріледі.

- Бұл жеткілікті ме?

Әрине, жоқ. Мәселен, жуырда көрерменге жол тартқан Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» спектакліндегі әртістер киіміне 500 мың теңге жұмсалды. Негізі, толыққанды қойылымға 1,5-2 миллион теңге қажет.

 Театр  Ж.Аймауытовтың есімімен аталады. Дегенмен, жаңа маусымның ашар-жабар спектакльдері жазушының туындылары емес. Неге?

Дұрыс айтасыз. Театрдың шымылдығы әр маусым сайын М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасымен ашылады. Қатып қалған қағида жоқ. Негізі, биылғы маусымымызды Ж.Аймауытовтың «Ақбілегімен» ашамыз деген ой болған. Алайда, бас рольді сомдайтын әртісіміз ауырып қалды.

- Келесі жылы  Қазақ  елі Ж.Аймауытовтың 125 жылдығын атап өтпек... Бұған не дейсіз?

Бүгінде Ж.Аймауытовтың өмірі мен өнегесін зерттеушілердің бірі (әзірге құпия) пьеса жазуда. Әзірге қолжазбасын қарап шықтым. Құдай қаласа, мерейтойға ыңғайлаймыз.

 Театр  әртістеріне асабалықпен айналысуға рұқсат бересіз бе?

Небары 40-50 мың теңге әртіс жалақысы қайда жетеді? Әрине, күн көріс үшін асабалықпен айналысуға мәжбүр. Оған тосқауыл қоймаймын.

- Театрға шенеуніктер көп келе ме?

Үнемі шақырту жібереміз. Бірақ, келетіндері саусақпен санарлық. Уақыттары тапшы шығар.
            Шымылдық жабылды. Назарларыңызға рахмет!

 Театр  «премьерасынан» соң үйге қарай бет алдық. Әртістердің киген киімі, грим мен сахна декорациясы - көз алдымызда. «Әттеген-ай!» деген ойдың жетегінде келеміз. Құлағымызда           –  театр  мәселесін жай-жапсарын жайып салған Мұхтархан ағамыздың дауысы. Үмітсіз шайтан.  Қазақ  театры  спектакльдеріне билетке кезекке тұрған қалың халықты, бала-шағасымен өнер ордасына ғибрат алуға келген азаматтарды көретін күніміз жақын. Қиыл қияға жетелейді...

 

Сценарийін жазған – Ақмарал Есімханова.