Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан», ШЫМЫЛДЫҚ ШЕҢБЕРІНДЕГІ ШЫНДЫҚ

 

 

Премьера

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан»

Жуырда Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театры

драматург, жерлесіміз Сабырбек Олжабайдың «Қара көзілдірікті келіншек» 

атты пьесасын сахналағаны туралы хабарлағанбыз.

 

ШЫМЫЛДЫҚ

ШЕҢБЕРІНДЕГІ

ШЫНДЫҚ

 

Қойылым өмірдегі, қоғамдағы түрлі қайшылықтарға, әлеуметтік, психологиялық тартыстарға толы. Отбасылық бақытты тәрк етіп, дүние – жалғанның жетегінде кету, ұлттық құндылықтарды бағалай білмеу, соңында осы ойсыздықтың жазасын тарту – қай қоғамда да кездесіп жататын құбылыс. Ал, оны жеріне жеткізе жазу бар да, өмірдің боямасыз осы көрінісін қаз – қалпында көрермендер назарына сахна тілінде сөйлете білу бар. Бұл тұрғыда  режиссердің адамның жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеп, соны ізденістеге баруы, актер мен көрермен арасындағы шынайы байланыс орнатуға талпынуы, сахнадағы жүріп жатқан қойылымның барынша сенімді шығуына күш салғаны аңғарылады. Спектакльде  жекелеген адамдардың өмірі арқылы қоғамдағы күрделі, түйіні тарқатылуы қиын түйткілдер тақырып арқауына айналды.

«Қара көзілдірікті келіншек». Ол неге қара көзілдірік киіп алған? Мына қоғамнан, Сізден, бізден неге жүзін жасырады? Тұрмыс – дәулеті «жалғанды жалпағынан басып жүр» деуге келетін кербез келіншектің жан жарасы қандай? Ол неге айналасындарға қара көзілдірік арқылы қарайды?

Міне, осы сауалдарға жауап іздеген көрерменнің театрға асығары анық. Ендеше, драма авторы мен қоюшы режиссердің ізімен қара көзілдірікті келіншектің жан дүниесіне біз де үңіліп көрелік.

Жанар – облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында  ұстап тұрған бірден – бір дөкейдің келіні. Әкесі де осал емес. Ішкені алдыңда, ішпегені артында дегендей, аста – төк күй кешіп жүргендердің бірі. Бірақ ол мына өмірден өз орнын таппай, адасып қалған аққу сынды мұнды. Аққудай сыңсығанда жаныңды қоярға жер тапайсың. «Япырай, бай мен бағлан да осындай күйге түседі екен-ау» деп қайран қаласыз. Иә, Жанарды (Еркежан Төлеубек) толғандырып жүрген жәйттер жетерлік. Ғұмырында сан түрлі сынға ұшырағанымен, сағы сынбаған асылдардың бірі. Ол балауса махаббатының елесімен ғана өмір сүріп жүр. «Тек сол аман болса екен» дейді. Басынын өткеріп жүрген сан қиындықты мойындағысы келмейді. Жанар өмір сүрудің сәні «жүректегі махаббат маздағын өлтіріп алмау» деп ұғынады. Оның алғашқы махаббатқа деген сезім иірімдері лирикалық әсерге толы. Сондықтан көрерменді бей – жай қалдырмайды.

Спектакльдегі күрделі образдың бірі – Аюбай (ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жұмахан Доспаев) бейнесі. Жоғарыда айтқан облысты уысында ұстайтын дөкейіңіз осы. Санасын дүние улаған ол ұрпақ тәрбиесін мүлдем мансұқтайды. Содан жалғыз ұлын бетімен жібереді. Бетімен кеткен бейбақ не істемек? Қатерге ұрынады. Нашақор. Дімкәс. Сонысына қарамай өркөкірек. Сол өзімбілермендігінен де өлермен халде. Ұрпақ бойына адамгершілік, имандылық, ізеттілік дәнін отбасы егеді қойылым авторларының айтпақ ойларының бірі осы.

Драмада тағы бір елеулі кейіпкер бар. Ол облыстық наркодиспансердің бас дәрігері. Батырбек. Оның рөлін актер Бек Тоқатов барынша шынайы беруге тырысты. Батырбек ақ халдатына, Гиппократ антына соншалықты адал болғысы келгенімен, аяр ақшаның алдына келгенде дәрменсіз. Ол Аюбайдың ұлының жазылмас дертке ұшырағанын біле, сезе тұрып, шетел асып, күреп ақша тауып қайтуға келгенде арланбайды. Әуелгіде – ақадал болып көрінгісі келген бас дәрігердің аяқ астынан түлкіше түрленіп, мың құбылуы да көрермендерді сендіреді. Өйткені, жүрегі таза еместер – ақшаның құлы.

Авторлардың бұл жерде  де айтпағы белгілі. Көрермендердін аярлықтан сақтандырады. Оның түбі жақсылыққа апармайтынын ишарамен-ақ түсіндіреді. Сахнадағы Батырбек қулық ойлаған эмоциясымен өзінің аярлығын танытып алады. Ал, Аюбай болса оған өлердей сеніп  келіп тұр ғой.

Қойылымдағы көрермендерді өзіне ерісіз тартатын кейіпкердің бірі Серік (рөлде – Ерлан Боранбаев). Ол қаладағы белгілі мейрамхананың бірінде бармен. Оның бар мақсаты – ауру анасын емдету. Сырттай оқып, ел қатарына қосылу. Алайда, басына тартса, аяғына жетпейтін жалған дүние  оның жолына бөгет болып көлденең жатып алғалы қашан?! Серік бақытын баяғыда жоғалтып алған сормандай жігіт. Еңді сол бақытының қайта оралатынына сенбейді. Сөйтсе...көптен іздеп таба алмаған бақыт құсы дәл қасында жүр екен ғой. Бірақ бақыт құсының қанаты қайырылған, өмірге деген өксігі де, өкпесіде өлшеусіз. Тек жүрегінде алғашқы махаббатына деген кіршіксіз көңілі пәк күйінде сақталыпты. Өмір трагедиясы дегеніміз осы.

Жалпы, павлодарлық актерлер «Қара көзілдірікті келіншек» драмасын сахнаға сәтті шығара білген. ҚР мәдениет қайраткері, қоюшы – режиссер Бейбіт Шәнімнің бұл ретте көп ізденгені көрініп тұр. Ол әр кейіпкердің жан дүниесін ашуғам барынша ұмтылған. Әдетте адамдар жай көзге көріне бермейтін жәйіттердіжүрекпен ғана сезінеді, түйсінеді. Режиссер бұл ретте драманың өн бойына сезім иірімдеріне көп орын бөледі.

Бұл ретте қоюшы режиссер Бейбіт ШӘНІМ не дейді? Тыңдап көрелік.

«Қара көзілдірікті келіншек» драмасын «Театр» журналының 2015 жылғы №4 санынан оқыдым. Бірден ұнады. Бастысы, автордың айтар ойы бар. Біздің уақыттың келеңсіздіктерін аямай-ақ сынаған. Сол келеңсіздіктерден сақтану керектігін ескертеді. Бүгінгі жастар үшін керек тақырып. Осы ойымды театрдың  көркемдік кеңесіне айттымт Театр директоры Мұхтар Байжұманов мені қолдады. Көркемдік кеңес мүшелері пьесаны оқып шығып, бірауыздан мақұлдады. Есесіне, театр репертуары жаңа бір туындымен толықты.

Мұхтар БАЙЖҰМАНОВ, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Қара көзілдірікті келіншек» - бүгінгі күннің қасіретін ашып көрсететін драма. Біз сол қасіретттен қалай құтыламыз? Көрермендерді қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерден жиіркендіру арқылы қасіреттердің алдын алуға болады. Сабырбек Олжабай заман тынысын тап басыпты. Көркемдік кеңес мүшелері бірауыздан қолдап отырса, мен қалай қарсы боламын?! «Қара көзілдірікті келіншек» павлодарлықтармен осылай табысты.

Сабыр САБЕКОВ, көрермен, ҰҚК-нің запастағы полковнигі:

Қазақ сахнасына осындай қойылымдар өте қажет. Өйткені, ол жаманнан жирендіреді. Бүгінде кейбір ата – аналардың байлығына масаттанып жүріп, бала тәрбиесін ұмытып кеткені өтірік пе? Бірақ соның азабын кеш көреді. Сабырбек інім, міне, осы шындықты боямасыз жеткізіпті. Спектакльдің ұнағаны сондай, қатарынан екі күн бойы келіп көрдім. Қойылымның көркемдік тұтастығы, режиссерлік шешім өте сәтті.

Иә, театр директоры, қоюшы режиссер, көрермен осылай дейді.

Біз өз тарапымыздан сахнаның декорациялық безендірілуі өте сәтті шыққанын қосқымыз келеді. Бұл ретте қоюшы суретші, ҚР мәдениет саласының үздігі Рысбек Стыбаев көп ізденген. Сондай-ақ, музыкалық жағынан көркемдеуші Самал Оразалимова да қойылымның көркемдік тұтастығына көп еңбек сіңірген. ҚР Тұңғыш Президент қорының лауреаты, театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат Оқасов та қойылымның сәтті шығуына өзіндік үлесін қоса білген.

Сонымен, жерлесіміз, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Ғ.Мүсірепов және С.Адамбеков атындағы әдеби сыйлықтардың иегері Сабырбек Олжабайдың «Қара көзілдірікті келіншек» атты драмасы павлодарлық көрермендерді бір сілкінтті. Қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін қал- қадірінше жеткізе білген авторларға павлодарлықтар лайықты құрмет көрсетті.

 

                                                           «Оңтүстік Қазақстан»  Шымкент.

 

Театр басшысы Арман Темірбек
Театрдың көркемдік жетекшісі Ержан Қауланов
Бас режиссер Әділет Ақанов
Мекенжайымыз: Ломов көшесі, 140-үй, 31-02-09 (вахта), 87753682271